"Қайрат" мерзімінен бұрын еурокубок турнирінің плей-оффына шықты
Румыниялық команда қаржылық қиындықтарға байланысты турнирге қатысудан бас тартты.
Алматылық "Қайрат" футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде плей-офф жолдамасын мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.
Қазақстандық клуб негізгі кезеңдегі алғашқы кездесуінде Латвияның "Бейтар" командасын жеңген еді. Бельгияның Роздал қаласында өткен матч 5:3 есебімен аяқталды.
"Қайрат" сапында Кайо Руис үш гол соғып, хет-трик авторы атанды. Сондай-ақ Азат Валиуллин мен Алмас Иманбеков бір-бір голдан соқты.
Румыниялық клуб турнирден бас тартты
"Қайрат" 29 қазанда Румынияның "Юнайтед Галац" клубымен ойнауы керек болған. Алайда румыниялық команда қаржылық қиындықтарға байланысты турнирге қатысудан бас тартты.
Осыған байланысты УЕФА "Юнайтед Галацқа" 2026/27 маусымындағы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі үш матчта да 0:5 есебімен техникалық жеңіліс тіркеді. Соның ішінде "Қайратқа" қарсы кездесу де бар.
"Қайрат" плей-оффқа шықты
Техникалық жеңістің арқасында алматылық клуб топтағы жағдайын нығайтып, плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алды.
Регламент бойынша әр топтағы төрт команданың үздік үшеуі 1/8 финалға шығады.
Плей-оффтың 1/8 және 1/4 финал кезеңдері екі матчтан – өз алаңында және сырт алаңда өтеді.
Ал "Төрттік финалы" дәстүрлі форматта бір аренада ұйымдастырылады.
Соңғы матчта бельгиялық клубпен кездеседі
"Қайрат" топтық кезеңдегі соңғы ойынын Бельгияның "Спортинг-Андерлехт" командасына қарсы өткізеді. Кездесу 1 қарашада өтеді.