Қазақстан футзал қауымдастығының президенті қызметінен кетті
Нұрсұлтан Құрман Қазақстан футзал қауымдастығының президенті ретіндегі жұмысын аяқтағанын мәлімдеді.
Өмірдегі маңызды кезең
Құрман қызметтен кету туралы шешімді өзі қабылдағанын жеткізді. Ол қауымдастықтағы жұмысын жауапкершілігі мол, тәжірибе мен естелікке толы кезең ретінде сипаттады.
"Бүгін өмірімнің маңызды кезеңдерінің бірі аяқталып отыр. Қазақстан футзал қауымдастығының президенті қызметіндегі жұмысымды тоқтату туралы шешім қабылдадым. Отандық футзалды дамыту жолында бірге еңбек еткен әріптестеріме, клуб басшыларына, бапкерлерге, спортшылар мен жанкүйерлерге шын жүректен алғыс айтамын", – деп жазды Құрман.
Ол Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровқа сенімі мен қолдауы үшін бөлек ризашылығын білдірді.
Жаңа жоспарлар бар
Қауымдастықтың бұрынғы басшысы жұмыс барысында жетістіктермен қатар қиындықтар да кездескенін атап өтті. Дегенмен қазақстандық футзалдың болашағына сенетінін айтып, ұлттық құрама мен клубтарға табыс тіледі.
"Алда үлкен үміт артып отырған жаңа жоспарларым мен бастамаларым бар. Уақыты келгенде алдағы қадамдарым туралы міндетті түрде бөлісемін. Бұл – қоштасу емес, жаңа кезеңнің басталуы. Футзалға деген сүйіспеншілігім мен қолдауым өзгермейді", – деді ол.
Қауымдастық пен трансляция компаниясы арасындағы дау
Бұған дейін Қазақстан футзал қауымдастығы мен матчтардың телевизиялық көрсетілімін ұйымдастыратын Sport Innovation компаниясы арасында төлемге қатысты келіспеушілік туындаған еді.
Компания қызметкерлері Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровқа жолдаған үндеуінде еңбекақының кешіктірілгенін мәлімдеген.
Sport Innovation тікелей эфир студиясының жетекшісі Елдар Серікпаевтың айтуынша, футзалдан Қазақстан чемпионатының өткен маусымында жұмыс істеген түсірілім тобы, комментаторлар, инженерлер, дыбыс режиссерлері және трансляцияны безендіру мамандары тиісті ақысын әлі алмаған.
Құрман өз жазбасында қызметтен кетуін осы даумен тікелей байланыстырған жоқ.