ӘЧ жолдамасы сарапқа түскен додада Қазақстан тағы жеңді
Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Алматыдағы Азия чемпионатында Үндістанды 33:27 есебімен жеңді.
Үндістанмен матч қалай аяқталды?
Қазақстандық қол добы шеберлері қарсыласынан алты доп айырмасымен басым түсті. Осылайша. алаң иелері құрлық додасындағы жеңісті сериясын жалғастырды.
Бұған дейін қыздарымыз Австралияны 37:18 есебімен ұтқан.
Қазақстан құрамасының топтық кезеңдегі қалған ойындары:
25 қараша: Қазақстан — Өзбекстан;
28 қараша: Қазақстан — Оңтүстік Корея.
Оңтүстік Кореямен кездесу қазақстандықтар үшін топтық кезеңдегі соңғы матч болады.
Ал А тобында Жапония, Иран, Қытай, Таиланд және Гонконг құрамалары бақ сынап жатыр. Жарыс ережесіне сәйкес, әр топтан үздік төрт команда ширек финалға шығады.
Үздік төрт команда әлем чемпионатына жолдама алады
Алматыдағы Азия чемпионатында жүлделермен бірге 2027 жылы Венгрияда өтетін әлем чемпионатының жолдамалары да сарапқа салынады. Турнир қорытындысында алғашқы төрт орынға ие болған құрамалар әлемдік додаға қатысу құқығын иеленеді.
Қазақстан әйелдер құрамасы бұған дейін Азия чемпионатында екі рет топ жарған. Екі жеңіс те Алматыда өткен жарыстарда — 2002 және 2010 жылдары тіркелді. Ал 2024 жылғы құрлық біріншілігінде қазақстандық гандболшылар қола жүлде еншілеген.