Синдаров пен Гукеш әлем чемпиондығы үшін матчты тең нәтижемен бастады
Классикалық шахматтан әлем чемпионы атағы үшін өтіп жатқан матчтың алғашқы партиясында Жавохир Синдаров пен Гукеш Доммараджу тең түсті.
Алғашқы партия қалай өтті?
Шахмат тәжі үшін тартыс Швейцарияның Женева маңындағы Колоньи елді мекенінде басталды.
Бірінші кездесуде Синдаров ақ тастармен ойнады. Ал Гукеш испаниялық партияның Берлин нұсқасын таңдады. Қарсыластар бір-біріне басымдық бермей, 38-жүрістен кейін позицияның қайталануына байланысты тең нәтижеге келісті.
Екінші партия қашан басталады?
Келесі партия 25 қараша, сәрсенбі күні Қазақстан уақытымен сағат 19:00-де басталады. Бұл жолы ақ тастармен Гукеш ойнайды, ал Синдаров қара тастармен қорғанады.
Қос қарсыластың жасы ескерілгенде, бұл — әлемдік шахмат тәжі үшін өткен тарихтағы ең жас қатысушылар арасындағы матч.
Матч ең көбі 14 классикалық партиядан тұрады. Жеңімпаз атану үшін шахматшылардың бірі 7,5 ұпай жинауы қажет.
Уақыт бақылауы мынадай:
- Алғашқы 40 жүріске — 120 минут;
- Қалған жүрістерге — қосымша 30 минут;
- 41-жүрістен бастап әр жүріске 30 секунд қосылады.
Егер негізгі партиялар қорытындысында есеп 7:7 болса, әлем чемпионы 12 желтоқсанда өтетін тай-брейкте анықталады.
Матчтың жалпы жүлде қоры — 2,5 миллион АҚШ доллары, яғни шамамен 1,1 миллиард теңге.