100 келі көтерген Тұрсынай Қабыл әлем чемпионы атанды
Қостанай облысының тумасы Тұрсынай Қабыл Бахрейнде парапауэрлифтингтен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Үш мүмкіндіктің қорытындысында үздік шықты
Тұрсынай Қабыл бір мүмкіндігінде 100 келілік зілтемірді бағындырды. Ол үш мүмкіндіктің жиынтық есебінде де 297 ұпаймен бірінші орын алды.
Бахрейндегі әлем чемпионатында Қазақстан атынан 23 атлет өнер көрсетіп жатыр. Жарыс 2 желтоқсанға дейін жалғасады.
Тұрсынай Қабыл кім?
Тұрсынай Қабыл 2000 жылы 7 қаңтарда Арқалықта дүниеге келген. Ол парапауэрлифтингпен 2015 жылы айналыса бастады. Бір жылдан кейін Қазақстан құрамасына қабылданды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Ол 2016 жылы Якутскіде өткен "Азия балалары" жарысында жеңіске жетіп, 2017 жылы Дубайдағы жасөспірімдер арасындағы Азия Пара ойындарында алтын алды. 2018 жылы Жапонияның Китакюсю қаласында жастар арасында Азия чемпионы атанып, Дубайдағы Fazza әлем кубогында ересектер арасында қола жүлде иеленді.
2019 жылы Астанада 45 келіге дейінгі салмақта 57 келі көтеріп, Қазақстанға парапауэрлифтингтен жастар арасындағы әлем чемпионатындағы алғашқы алтынды әкелді. Сол жылы өз салмағында Азияның екі рекордын орнатты.
Қабыл 2023 жылы Ханчжоудағы Азия Пара ойындарында күміс жүлде алды. 2024 жылы Париж Паралимпиадасында алтыншы орын иеленіп, Таиланд пен Грузияда өткен әлем кубогының іріктеу кезеңдерінде қола медаль жеңіп алды. 2026 жылғы қазанда Нагоядағы Азия Пара ойындарында 104 келі көтеріп, тағы да күміс жүлдегер атанды.