Бұл шешім осы мамандықтың тартымдылығын арттыруға және спорттық хабарлардың сапасын жетілдіруге бағытталған.
Спорттық масс-медиа, блогерлер және спорт комментаторлары қауымдастығының президенті Олжас Байбосынов пен телеарна директоры Нағи Қалтайұлы Бақытбековтың сәтті келіссөздерінің нәтижесінде қаламақы көлемі ұлғайды.
Қаламақы мөлшері 40%-ға артады. Бұл комментаторлар жұмысының барлық аспектілеріне әсер етеді: матчтарға дайындалудан және тікелей эфирде жұмыс істеуден бастап, ұзақмерзімді спорттық іс-шараларға қатысуға дейін. Бұл өзгерістер комментатор мамандығын қаржылық тұрғыдан тартымды әрі сапалы ете түседі.
Комментаторлардың жалақысын ұлғайту идеясы ұзақ уақыттан бері талқыланып келеді. Енді, міне, Олжас Байбосынов пен Нағи Бақытбековтің нәтижелі келіссөздерінен кейін оң шешім қабылданды. Төлемақыларды көтеру еңбек жағдайын жақсартып қана қоймай, спорттық хабарлардың сапасын арттыруы тиіс.
Осы ретте қауымдастық президенті Олжас Байбосынов телеарна басшылығына алғысын білдірді.
«Біз Qazsport телеарнасына қаламақыны 40%-ға көтергені үшін алғыс айтамыз. Бұл - комментаторларымыздың жұмыс жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Алдағы уақытта Қауымдастық кәсіп иелерінің барлық өкілдерінің жалақысын арттыру мақсатында басқа телеарналармен келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр», - деді ол.
Айта кетейік, Qazsport қазақстандық медиа нарықта жетекші орынға ие телеарналардың бірі. «Otau TV» спутниктік желісі мен кабельдік операторлар арқылы қазақ және орыс тілдерінде хабар тарататын еліміздегі алғашқы мамандандырылған спорт телеарнасы. Соңғы жылдары арна белсенді дамып, танымал спорт түрлері – футбол, бокс, хоккей, күрес түрлерінен хабар таратып келеді.