
Қазақстан футзал құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Кака алдағы Еуро-2026 іріктеу ойындары туралы айтып, команданың ең маңызды матчын атады. Сонымен қатар ол құрамдағы өзгерістер мен жарақат алған ойыншылар жайында пікір білдірді.
"Әрине, біз әлі де көп жұмыс істеуіміз керек. Біз үшін ең маңызды матч – Албанияға қарсы кездесу. Тур екі ойыннан тұрса да, біздің басты назарымыз осы матчқа аударылған.
Үш-төрт жаттығуда бәрін қамту мүмкін емес, бірақ біз басымдықтарды анықтадық. Және бұл ойында жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз.
Біз турнирлік цикл барысында жіберілген қателіктермен жұмыс істеп жатырмыз. Даниядан алған жеңіліс моральдық тұрғыдан ауыр тиді. Дегенмен, турнирлік кестеде ештеңе өзгерген жоқ – бәрібір біз бұл матчтарды жеңуге тиіс едік.
Егер біз қателіктерді түзетіп, психологиялық тұрғыдан мықты болсақ, табысқа жету мүмкіндігіміз жоғары болады." – деді Кака.
“Дуглас 23 ақпанда жарақат алды. Оның жамбас бұлшықеті зақымданған. Егер ол Арменияға қарсы ойынға дейін қалпына келсе, құрамға қосылады, әйтпесе, қалған ойыншылармен дайын боламыз. Игита мен Дуглас кез келген команда үшін маңызды ойыншылар. Олардың жоқтығы сезілетіні сөзсіз.
Құрама есігі барлық ойыншыларға ашық. Басты командалардан ғана емес, дубльден де шақырту жасай аламыз. Мысалы Семен Тарасенко Ресейде ойнайды, Дерябин де сол жақта, ол өз деңгейін өсірді, енді ұлттық құрамаға шақырту алды.
Қазіргі құрамда 22 жастан кіші төрт ойыншы бар. Команда мүшелерінің жартысы 25 жасқа толмаған. Яғни, жасарту процесі жүріп жатыр."
"Арменияда біз ағаш паркеттің үстінде, ал Данияда резеңке жабындысы бар алаңда ойнадық. Бүгінде ешкім мұндай жабындарда ойнамайды. Қазақстанда мұндай алаң тек Атырауда ғана бар."
Қазақстан құрамасы 7 наурызда Астанада Албанияны қабылдайды. Ал 12 наурызда Армениямен сырт алаңда ойнайды.