"Манчестер Сити" әлеуметтік желідегі ресми парақшасында өзбекстандық жас суретші Шохрух Суюновтың жұмысын көпшілікке ұсынды.
Видеода ол бір мезетте екі футболшының портретін қатар салып, оны қолымен де, аяғымен де бір уақытта орындағаны көрсетіледі. Кадрларда суретші “Сити” ойыншыларының бейнесін синхронды түрде салып шығады. Жарияланымға клуб тарапынан қысқа ғана пікір қалдырылып, пост “көгілдір шедевр” деген сипаттамамен берілген.
Британиялық клубтың парақшаларында өзбекстандық таланттарды жиі көрсету үрдісі соңғы уақытта байқалады. Бұл тақырып Өзбекстан құрамасының қорғаушысы Абдукодир Хусановтың “Манчестер Ситиге” ресми ауысуынан кейін күшейе түскен. Футболшы клубпен 2029 жылдың жазына дейін келісімшарт жасаған.
Суюнов әлеуметтік желілерде бірнеше портретті қатар салатын ерекше техникасымен кеңінен танылған. “Манчестер Сити” де дәл осы ерекшелігіне назар аударып, оның жұмысын Instagram арқылы бөлісті.