Иранда Әл-Құдс күніне арналған шеру кезінде бір топ жасөспірім Аргентина жұлдызы Лионель Мессидің аты жазылған жейделерді өртеп жіберді. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті.
Иранның Боруджерд қаласында өткен жаппай шеру кезінде жергілікті балалар мен жасөспірімдер Лионель Мессидің жейделерін өртегені туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Fars агенттігі мәлімдеді.
Желіде тараған видеоларда жасөспірімдердің АҚШ пен Израильге қарсы ұрандар айтып, кейіннен аргентиналық футболшының есімі мен нөмірі жазылған жейделерді отқа жаққаны көрінеді.
Айта кетейік, бұл шеру Әл-Құдс күніне орай ұйымдастырылған. Аталған күн Палестина халқының тәуелсіздік жолындағы күресімен ынтымақтастықты білдіретін дата ретінде белгілі және ол жыл сайын Рамазан айының соңғы жұмасында атап өтіледі.
БАҚ мәліметінше, жанкүйерлердің ашуына Лионель Мессидің жақында Ақ үйдегі шараға қатысуы себеп болуы мүмкін.
6 наурызда "Интер Майами" футболшылары MLS Кубогын жеңіп алған команда ретінде Ақ үйге шақырылған. Бұл трофейді америкалық клуб 2025 жылдың қарашасында иеленген.
Сол жиында Месси командаластарымен бірге АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы операция туралы сөзіне қол соққан. Осы сәт футболшының бірқатар жанкүйері арасында теріс пікір туғызған.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде Мессиге көңілі қалған жанкүйерлер түрлі пікір қалдырған. Олардың арасында:
Лионель Месси бұған дейін де әлемдік саясатпен байланысты даулы тақырыптарда жанама түрде талқыланып келген. Алайда бұл жолы Ирандағы балалардың оның жейдесін өртеуі футболшының атына қатысты сынның жаңа деңгейге шыққанын аңғартты.
Әзірге Мессидің өзі де, оның өкілдері де бұл жағдайға байланысты ресми пікір білдірген жоқ.