UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова қатысқан адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасынан кейін ірі көлемдегі ақша мен байланыс құралдарының жоғалғаны туралы мәлімет тарады.
Тараған ақпаратқа сәйкес, жол апаты болған сәтте көлікте 20 миллион теңге, сондай-ақ екі ұялы телефон болған. Алайда оқиғадан кейін олардың жоғалып кеткені айтылып отыр.
Halyqstan порталының мәліметінше, Гүлайым Рахмонова өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Оның сөзінше, ол көлікті стресс салдарынан басқара алмай қалған.
Рахмонова жауап беру кезінде көлікте ақша, телефондар және ноутбук болғанын жеткізген. Алайда апаттан кейін әйел бірнеше мәрте есінен танып қалғандықтан, сол сәтте заттардың жоғалғанына ешкім мән бере қоймаған.
Кейін ес жиған кезде көліктегі құнды заттар орнында болмағаны белгілі болған. Сондай-ақ жарияланған ақпаратта сотқа дейінгі тергеу барысында да ақша мен телефондарды іздеу жұмыстары жүргізілмегені айтылған.
Еске салайық, 2025 жылғы 27 шілдеде Алматы — Екатеринбург тас жолында Шавкат Рахмоновтың жұбайы мінген көлік жол апатына ұшыраған еді.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser 200 тізгінінде болған жүргізуші көлікті басқара алмай қалып, салдарынан автокөлік аударылған. Қайғылы оқиға салдарынан екі жолаушы қаза тапты.