Гүлайым Рахмонова: "Шавкаттың бастапқы табысы 120 мың теңге болған"

Сарапшы, спорт журналисі

Гүлайым Рахмонова әлеуметтік желідегі жазбасында спортшының аралас жекпе-жектегі алғашқы қадамдары, ауыр кезеңдері және UFC-ге жету жолындағы еңбегі туралы айтып берді. 

Гүлайым Рахмонова: "Шавкаттың бастапқы табысы 120 мың теңге болған"
Instagram/@shavkatrakhmonov94

Өте ауыр жол

Гүлайымның сөзінше, бүгінгі жетістікке дейін Шавкат Рахмонов өте ауыр жолдан өткен. Оның айтуынша, мансаптың алғашқы кезеңінде файтердің айлығы небәрі 120 мың теңге болған. 

Ол Instagram-парақшасында жариялаған жазбасында отбасының сол уақыттағы өмірі қатаң тәртіпке, тұрақты жаттығуға және ортақ арманға құрылғанын жеткізді.

"Бұл суреттерде атақ та, миллиондар да жоқ. Ол кезде Шавкаттың жалақысы бар болғаны 120 мың теңге еді", — деді Гүлайым.

Алғашқы ауыр жарақат және сындарлы кезең

Жазбада жұбайы 2017 жылдың қаңтарында түскен суретті еске алып, сол кезеңде Шавкаттың аяғынан алғашқы ауыр жарақат алғанын айтты. Оның сөзінше, олар Қарағандыдағы Пришахтинск ауданындағы ауруханадан МРТ-дан кейін қайтып келе жатқан.

instagram/@buronova.mavluda

Сол сәтте спортшы ауырсынуға қарамастан үлкен мақсатқа сенімін жоғалтпаған. Гүлайым дәл осы жарақаттан кейін табандылық пен төзімнің арқасында Шавкат көптеген белесті бағындырғанын атап өтті.

UFC — екеуіне ортақ арман болған

Гүлайымның айтуынша, UFC-ге шығу олардың ортақ мақсатына айналған. Ол бұл арманның 2016 жылдан бері өмірлерінің негізгі бағыты болғанын жеткізді.

Оның сөзінше, отбасы күн сайын таңғы сағат 5-те тұрып, нақты режиммен өмір сүрген:

Шавкат жүгіруге кетсе, жары таңғы ас дайындаған. Осылайша олардың әр аптасы басталатын болған.

Қазақ тілін үйреніп, UFC-ге арнап қолтаңба дайындаған

Гүлайым жазбасында Шавкаттың спортпен қатар өзін жан-жақты дамытуға да күш салғанын айтты. Оның сөзінше, демалыс күндері олар бірге қазақша оқып, жазуды үйренген. Себебі Шавкат Өзбекстанда өсіп, өзбек тілінде білім алған.

Сонымен қатар олар болашақта UFC-де жанкүйерлер көбейетінін болжап, алдын ала әдемі қолтаңба қоюды да жаттықтырған.

"Оның табысында менің де зор еңбегім бар" 

Гүлайым отбасылық өмір, спорт және бала тәрбиесін қатар алып жүрген кезеңдерді ерекше еске алды. Ол үлкен қыздары дүниеге келгеннен кейін де бұл тәртіп өзгермегенін айтты.

Жазба соңында ол Шавкаттың табысқа жету жолында өзінің де еңбегі аз болмағанын ашық мәлімдеді.

"Оның жетістігінде менің де орасан зор еңбегім бар, сондықтан оны ешкімнің жоққа шығаруына жол бермеймін", — деді ол.

Рахмоноваға қатысты сот үкімі шыққан

Айта кетейік, наурыз айының соңында Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі бойынша Гүлайым Рахмоноваға қатысты үкім шығарған болатын.

Сот оны ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда жаза өтеу мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылды.

Бұған дейін Гүлайым Шавкат Рахмоновпен ажырасқанын хабарлап, спортшыны балалардан бас тартты деп айыптаған.