Қуат Хамитов: "Миллиондар футболшыларға емес, ел намысын қорғайтын чемпиондарға берілуі керек"

Сарапшы, спорт журналисі

ММА шебері Қуат Хамитов грек-рим күресінен Азия чемпионатында топ жарған Алматбек Аманбектің жеңісіне қатысты пікір білдірді.

Қуат Хамитов: "Миллиондар футболшыларға емес, ел намысын қорғайтын чемпиондарға берілуі керек"
instagram/@kuat__khamitov

Алматбек Аманбек Азия чемпионы атанды

Бішкекте күрестен Азия чемпионатында 72 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Алматбек Аманбек финалда ирандық Мұхаммад Жавад Саадат Резаиға қарсы белдесті. Шешуші кездесуде отандасымыз айқын басымдық танытып, мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

Бұл табыс Қазақстан құрамасы үшін құрлықтық додадағы маңызды жетістіктердің бірі болды.

Белгілі файтер Қуат Хамитов қазақстандық балуанның жеңісінен кейін әлеуметтік желіде өз ойын ашық жеткізді. Ол Kzsports парақшасындағы финалдық белдесудің видеосына пікір қалдырып, нағыз қаржылай қолдау осындай чемпиондарға көрсетілуі керек екенін айтты.

Хамитовтың сөзінше, мемлекет қомақты сыйақыны дәл ел абыройын асқақтатып жүрген спортшыларға беруі тиіс.

Футболшыларға қатысты кезекті сын

Қуат Хамитов бұған дейін де қазақстандық футболға байланысты өткір пікірлерімен жиі көзге түсіп жүрген спортшылардың бірі. Ол бірнеше рет елдегі футбол клубтарын бюджет есебінен қаржыландыруға қарсы екенін мәлімдеген.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасының халықаралық аренадағы нәтижелерін де сынға алып, қаржы тиімді жұмсалуы қажет екенін алға тартқан еді.