Қазақстанда Биволдың бұрынғы әйеліне бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнді

Сарапшы, спорт журналисі

Белгілі боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы жары Екатерина Биволға Қазақстан аумағында жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Қазақстанда Биволдың бұрынғы әйеліне бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнді
ulysmedia.kz

Астана полициясы тергеу жүргізіп жатыр

Мәліметке сәйкес, Астана қаласының Полиция департаменті Екатерина Биволға қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап кеткен. Бұл бап әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру дерегіне қатысты қолданылады.

Құқық қорғау органдарының ақпаратына қарағанда, аталған бап бойынша жаза айыппұл салудан бастап, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін баруы мүмкін.

Дауға не себеп болды?

Былтыр Екатерина Бивол әлеуметтік желіде қазақтар мен қырғыздарға қатысты қорлайтын сипаттағы жазба жариялаған. Осыдан кейін оның әрекеті қоғамда резонанс туғызып, құқық қорғау органдарының назарын аударды.

Аталған жағдайдан соң Ресей Ішкі істер министрлігі де оған қатысты тексеру жұмыстарын бастаған.

Жыл басында Санкт-Петербург қаласының Ленин аудандық соты Екатерина Биволға 60 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады. Сонымен қатар Қазақстан полициясы оны ұлтаралық араздықты қоздыру бабымен халықаралық іздеуге жариялағаны да айтылды.