Махмұд Сабырхан Азия чемпионына 500 мың теңге "көрімдік" берді (ВИДЕО)

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан Азия чемпионатының жеңімпазы Дина Исламбекованы ерекше тәсілмен құттықтап, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.

Махмұд Сабырхан Азия чемпионына 500 мың теңге "көрімдік" берді (ВИДЕО)
instagram/@sabyrkhan_makhmud

Сабырханның “көрімдігі” көпшілікті таң қалдырды

Қазақстан бокс федерациясының Instagram парақшасында жарияланған видеода екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан Азия чемпионы атанған Дина Исламбекованың алтын медалін қызықтап отырған сәті көрсетілген.

Осыдан кейін боксшы дәстүрге сай “көрімдік” беруді ұйғарып, Исламбекованың банк картасына ақша аударған. Қазақы салт бойынша “көрімдік” — қуанышты жаңалықты алғаш көрген адам беретін сыйлық.

Видео барысында Дина Исламбекованың аударылған қаржы көлемін көріп, ерекше эмоцияға берілгенін байқауға болады. Дегенмен нақты сома жарияланған жоқ. Ал Сабырхан әзіл ретінде: “500 мың” деп айтқан.

Бұл сәт әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды.

Исламбекова Азия чемпионатында қалай жеңіске жетті?

2026 жылы Моңғолияның Ұлан-Батор қаласында өткен Азия чемпионатында 80 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Дина Исламбекова финалда үндістандық Альфия Патханды айқын басымдықпен жеңді.

Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшы қарсыласын екі рет нокдаунға түсіріп, төрешілердің бірауызды шешімімен алтын медаль иеленді.

Айта кетейік, Махмұд Сабырхан бұл турнирде басты фавориттердің бірі саналған. Алайда жартылай финалда моңғолиялық Хархуу Билгуунсайханға төрешілердің шешімімен есе жіберді.