Бибісара Асаубаева Румыниядағы жанкүйерінен ерекше сыйлық алды

Спорт шолушысы

Қазақстандық шахмат жұлдызы әлеуметтік желіде сыйлығын көрсетті.

Бибісара Асаубаева Румыниядағы жанкүйерінен ерекше сыйлық алды
instagram/@bibisarachess

Жанкүйерден келген жылы лебіз

Асаубаева өзіне табысталған сыйлықтарды ашып көріп, ерекше әсер алғанын айтты. Шахматшының сөзінше, сыйлықтың ішінде түрлі тәттілер, косметичка, магнит және ең бастысы — жас жанкүйердің жүрекжарды хаты болған.

“Бәріне сәлем! Қазір маған сыйлаған сыйлықтарды ашып көрдім. Қараңыздаршы, қандай әдемі: мұнда көп тәттілер, косметичка, магнит бар. Бірақ ең кереметі — мына жерде болды. Бұл — бір қыздың маған жазған хаты”, — деді Бибісара әлеуметтік желідегі видеосында.

Хатта румыниялық жанкүйер Бибісараның ойындарын көргеннен кейін шахматта дамуға және күн сайын жақсырақ болуға ынталанатынын жазған.

“Қымбатты Бибісара, сіздің партияларыңызды көру мені өзімді жетілдіруге шабыттандырады. Сіз — менің сүйікті шахматшымсыз. Румыниядан жіберілген бұл шағын сыйлық сізге ұнайды деп үміттенемін”, — делінген хатта.

Шахматшы мұндай жылы сөздерге қуанып, жанкүйерінің ықыласына ризашылығын білдірді.

Бибісара Асаубаеваның жетістіктері

Бибісара Асаубаева — Қазақстан шахматының ең танымал өкілдерінің бірі. Ол әйелдер арасында блицтен үш дүркін әлем чемпионы атанған. Қазақ қызы бұл атақты 2021, 2022 және 2025 жылдары жеңіп алды.

Сонымен қатар Асаубаева 2025 жылы гроссмейстер атағын иеленіп, шахматтағы жоғары мәртебесін одан әрі нығайтты. Қазір ол FIDE әлемдік рейтингінде алдыңғы қатардағы шахматшылардың бірі саналады.

Бибісара Асаубаеваның алдағы маңызды жарыстарының бірі — Norway Chess Women 2026 турнирі. Беделді дода 2026 жылдың 25 мамыры мен 5 маусымы аралығында Норвегияның Осло қаласында өтеді. Бұл турнирде әлемнің мықты шахматшылары бақ сынайды.