Зарина Диас шетелге көшкелі жатыр ма? Спортшының өзі жауап берді
Қазақстанның бұрынғы бірінші ракеткасы биыл мансабын аяқтаған болатын.
Қазақстан теннисінің танымал өкілі Зарина Диас шетелге көшуге қатысты ойын бөлісті. Еліміздің бұрынғы бірінші ракеткасы бұл туралы Instagram желісінде жазды.
Аталған әлеуметтік желіде оқырмандардың бірі спортшыдан шетелге көшіп, сол жақта даму туралы сұрақ қояды.
Бұған Зарина Диас былай жауап берді:
"Жоқ, ондай ой жоқ. Мен Алматыда өмір сүргім келеді. Мен туған жерім Қазақстанды жан-тәніммен жақсы көремін. Тәжірибеммен осында бөліскім келеді, шабыт беріп, өзім де шабыт алғым келеді", — деп жауап берді Зарина Дияс.
Зарина Диас биыл мансабын аяқтады
Еске салайық, Зарина Диас 2026 жылдың 10 сәуірінде ойыншы ретінде кәсіби спорттағы мансабын аяқтағанын жариялады.
Ол кезінде әлемдік рейтингте 31-орынға дейін көтерілген. Сондай-ақ Қазақстан құрамасының және отандық теннистің дамуына елеулі үлес қосқан спортшылардың бірі саналады.