Қызы анасына қарсы: Олимпиада чемпионы тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша айыпталды

Спорт шолушысы

Оксана Грищуктың қызы Скайлер Грейс Грищук осы іс бойынша жазба жариялап, тиісті арыз жазғанын жеткізді. 

Қызы анасына қарсы: Олимпиада чемпионы тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша айыпталды
news.sportbox.ru

Мәнерлеп сырғанаудан екі дүркін Олимпиада чемпионы Оксана Грищуктың қызы Скайлер Грейс Грищук анасын физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық жасады деп айыптады. Ол бұл туралы әлеуметтік желіде мәлімдеді.

Скайлер Грейс Грищук өз жазбасында бұл жағдайды ұзақ жылдар бойы жасырып келгенін айтты. 

"Сәлеметсіздер ме! Мен мұндай жеке дүниемен бөлісемін деп ешқашан ойламадым, өйткені мұны көп жыл бойы жасырып келдім. Дегенмен анам Оксана Грищукқа қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арыз бердім. Бұған физикалық және эмоционалдық зорлық-зомбылық, сондай-ақ психологиялық жарақат себеп болды.

Бұл өте қиын шешім болды. Егер сіз отбасындағы зорлық-зомбылыққа тап болсаңыз немесе осындай жағдайды бастан өткерсеңіз, қолдауыңызға риза боламын. Осы уақытта мені қолдағандардың бәріне алғыс айтамын", — деп жазды Скайлер Грейс.

Скайлер Грейс АҚШ-та туған

Скайлер Грейс Грищук 2002 жылдың тамызында АҚШ-та дүниеге келген. Қазір ол 23 жаста.

Оның мәлімдемесінен кейін Оксана Грищукқа қатысты айыптаулар қоғамда қызу талқыға түсті. Әзірге мәнерлеп сырғанаушының өзі бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірген жоқ.

Оксана Грищук кім?

Оксана Грищук — мұздағы би бойынша әлемдегі ең танымал тұлғалардың бірі.

Фото: sportsdaily.ru

Ол Евгений Платовпен бірге өнер көрсетіп, 1994 және 1998 жылдары өткен Олимпиада ойындарында екі рет чемпионы атанды. Бұдан бөлек, Оксана Грищук төрт рет әлем чемпионаты атанды. 

Спорттық мансабын 1998 жылы аяқтаған соң АҚШ-қа қоныс аударды. Отыз жылдан астам уақыттан бері Құрама Штаттарда өмір сүріп келеді.