Елена Рыбакина Индиан-Уэллс турнирінің финалына шықты

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласындағы WTA 1000 турнирінің финалына жолдама алды. 

Жартылай финалда Свитолина тізе бүкті

Әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллстегі WTA 1000 турнирінің жартылай финалында украиналық Элина Свитолинамен кортқа шықты. Қарсыласы қазір әлемдік рейтингте тоғызыншы орында тұр.

Кездесу екі сетке созылып, Рыбакинаның пайдасына 7:5, 6:4 есебімен аяқталды.

Тартысты ойын 1 сағат 46 минутқа жалғасты. Осы уақыт ішінде Елена 6 эйс жасап, 1 қос қателікке жол берді. Сонымен қатар 11 брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды.

Қазақстандық теннисші матч бойы сенімді ойын өрнегін көрсетіп, маңызды сәттерде басым түсе алды.

Финалда кіммен ойнайды?

Енді Елена Рыбакина Индиан-Уэллс турнирінің финалында Беларусь өкілі, әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкомен кездеседі.

Бұл матч жанкүйерлер үшін ерекше қызығушылық тудырып отыр. Себебі осы маусымда Рыбакина Соболенконы Australian Open финалында жеңген. Сол кезде қазақстандық 6:4, 4:6, 6:4 есебімен басым түскен. 

Сонымен бірге Рыбакина келесі аптадан бастап мансабында алғаш рет әлемнің екінші ракеткасы атанады. Бұл өзгеріс Индиан-Уэллс турниріндегі нәтижелерден кейін белгілі болды.

Айта кетейік, рейтингте екінші орында тұрған Ига Швёнтек ширек финалда Элина Свитолинаға жол берді. Осылайша қазақстандық теннисші WTA рейтингінде бір саты жоғарылайды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір