Елена Рыбакина Штутгарттағы турнирдің ширек финалына шықты
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Германияның Штутгарт қаласында өтіп жатқан беделді турнирде сәтті бастады.
Шнайдерді екі сетте ұтты
Рыбакина 2026 жылғы WTA Штутгарт турнирінің 1/8 финалында ресейлік Диана Шнайдермен кортқа шықты. Кездесу Рыбакинаның айқын басымдығымен өтіп, қарсыласын екі сет қорытындысы бойынша жеңді — 6:3, 6:4.
Елена Рыбакина Штутгарттағы бәсекенің басты фавориттерінің бірі ғана емес, негізгі үміткері ретінде қарастырылып отыр. Оның келесі қарсыласы канадалық Лейла Фернандес пен түркиялық Зейнеп Сонмез матчында анықталады.
Былтыр титулды Елена Остапенко жеңіп алды
Еске салсақ, Штутгарттағы турнирдің қазіргі чемпионы — латвиялық теннисші Елена Остапенко. Ол былтыр финалда әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы күтпеген жерден ірі есеппен жеңді — 6:4, 6:1.
Бұл нәтиже сол маусымдағы ең үлкен сенсациялардың бірі ретінде бағаланған еді.