Елена Рыбакина Штутгарттағы турнирдің жартылай финалына шықты

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Германияның Штутгарт қаласында өтіп жатқан беделді турнирдің жартылай финалына жолдама алды. 

Елена Рыбакина Штутгарттағы турнирдің жартылай финалына шықты
instagram/@wta

Камбэк жасап, маңызды жеңіске жетті

WTA рейтингінде екінші орында тұрған қазақстандық теннисші ширек финалда канадалық Лейла Фернандеспен кездесті. Тартысты өткен матч үш сетке созылып, Рыбакина 6:7, 6:4, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Кездесуде қазақстандық спортшы мінез танытып, алғашқы партияда есе жібергеніне қарамастан матч тағдырын өз пайдасына шешті. Осылайша Елена Рыбакина Штутгарт турнирінің жартылай финалына шықты. Бұл сында ресейлік Мирра Андреевамен ракетка түйістіреді. 

Бұған дейін кімдерді жеңді

Бұл — Рыбакинаның аталған турнирдегі екінші жеңісі. Бұған дейін 1/8 финалда ресейлік Диана Шнайдерді екі сетте ұтқан — 6:3, 6:4.

Porsche Tennis Grand Prix 2026 турнирінде Елена Рыбакина басты фавориттердің бірі саналады. Биылғы жарыстың жалпы жүлде қоры 1 049 083 еуроға тең. 

Турнир жеңімпазы 161 310 еуро сыйақы алып, WTA рейтингіне 500 ұпай қосады.