17 жастағы француз теннисшісі "Ролан Гаррос" рекордын жаңартты

Спорт шолушысы

Моиз Куаме "Ролан Гаррос" турнирінде ерекше жетістікті бағындырды. 

17 жастағы француз теннисшісі "Ролан Гаррос" рекордын жаңартты
Julien de Rosa/ AFP via Getty Images

Атақты Майкл Чангтың рекордын жаңартты

Жас спортшы “Үлкен дулыға” турнирінің чемпионын жеңген ең жас теннисші атанды. Әлемнің 318-ракеткасы хорватиялық Марин Чиличке қарсы ойнап, сенсациялық жеңіске жетті. Матч 7:6 (4), 6:2, 6:1 есебімен аяқталды. Моиз Куаме бұл жеңіске 17 жас 81 күнде жетіп, 1989 жылы америкалық Майкл Чанг орнатқан рекордты жаңартты. Ол кезде Чанг 17 жас 97 күнде чехословакиялық Иван Лендлді жеңген.

Турнир басталмай тұрып сөйлеген сөзінде Куаме:

“Мен үшін жас кезімде осындай деңгейде ойнау үлкен мәртебе. Мұндай мүмкіндік бәріне бірдей бұйыра бермейді, оны барынша пайдалануға тырысамын”, - деп пікір білдірген.

Куаменің алдағы ойындағы қарсыласы кім?

Екінші айналымда француз теннисшісі парагвайлық Даниэль Вальехомен ойнайды. Еске салсақ, ол биыл ақпанда Монпелье турнирінде ATP деңгейінде дебют жасаған. Ал сәуірде Монте-Карлода әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнермен бірге жаттығу өткізді.

Сонымен қатар Моиз Куаме “Miami Open” турнирінде кәсіби деңгейдегі алғашқы жеңісіне жетті. Осылайша 2003 жылдан бері “Masters” сериясында матч жеңген ең жас теннисші атанды. Бұған дейін мұндай көрсеткішті Рафаэль Надаль тіркеген. 

“Ролан Гаррос” сайысы 7 маусымға дейін жалғасады. Биыл турнирдің жүлде қоры 61 миллион еуродан асады.