Александр Бублик Штутгарттағы турнирдің жартылай финалына шықты
Қазақстанның үздік теннисшісі ATP 250 BOSS OPEN турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Ширек финалда французды жеңді
Александр Бублик ширек финалда франциялық Джованни Мпетши-Перрикармен кездесті. Ол ATP рейтингінде 93-сатыда тұр.
Кездесу бір жарым сағатқа созылды. Екі сет те тай-брейкке дейін жеткенімен шешуші сәттерде қазақстандық теннисші сабыр сақтап, өз мүмкіндігін тиімді пайдаланды. Матч қорытындысы бойынша Бублик екі партияда жеңіске жетті – 7:6, 7:6.
Осы жеңістен кейін Александр Бублик BOSS OPEN турнирінің жартылай финалына өтті. Енді қазақстандық теннисші финал жолдамасы үшін италиялық Маттиа Беллуччи мен америкалық Тэйлор Фриц арасындағы кездесу жеңімпазымен ойнайды. Беллуччи әлемдік рейтингте 78-орында тұрса, Фриц ATP рейтингінің 9-сатысында орналасқан.
Бублик турнирді екінші айналымнан бастады
Айта кетейік, Александр Бублик Штутгарттағы жарысты бірден екінші айналымнан бастады. Алғашқы матчында германиялық Ян-Леннард Штруффты үш сетте жеңген.
Штутгарттағы BOSS OPEN турнирі 15 маусымда мәреге жетеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 768 220 еуро.
Жекелей сында чемпион атанған теннисші 116 855 еуро табыс тауып, 250 рейтингтік ұпайға ие болады.