Елена Рыбакина Цинциннатидегі турнирдің ширек финалына шықты (ВИДЕО)
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Әлемнің екінші ракеткасы төртінші айналымда рейтингте 14-орында тұрған ресейлік Диана Шнайдермен кездесті. Қазақстандық теннисші қарсыласын екі сетте 6:4, 6:4 есебімен жеңді. Матч 1 сағат 27 минутқа созылды.
Ширек финалда Швентекпен кездеседі
Елена Рыбакинаның келесі қарсыласы әлемнің бесінші ракеткасы, польшалық Ига Швентек. Швентек - Цинциннатидегі WTA 1000 турнирінің 2025 жылғы чемпионы. Былтырғы финалда теннисші италиялық Жасмин Паолиниді жеңіп, чемпион атанған.
Рыбакина мен Швентектің жартылай финал жолдамасы үшін кездесуі 21 тамызда Қазақстан уақытымен сағат 04:00-де басталады деп жоспарланған. Еске салсақ , теннисшілер жақында Торонто турнирінің финалында кездесіп, жеңісті польшалық ойыншы иеленген.
Рыбакина қанша сыйақы алды?
Ширек финалға шығу арқылы қазақстандық теннисші кемінде 154 210 доллар жүлде қоры мен 215 рейтингтік ұпайды қамтамасыз етті. Турнир чемпионы 1 086 220 доллар жүлде мен 1000 рейтингтік ұпайға ие болады.
Аталған кездесуден соң Елена Рыбакина өзінің Торонто турнирінен кейін шаршағанын да жасырмады.
“Менің ойымша, бүгінгі матчта доп беруім жақсы нәтиже көрсетіп, маған көп көмектесті. Өйткені ойынды аса сәтті бастамадым. Торонто турнирінен кейін өзімді сергек сезініп жүрмін бе, нақты айту қиын. Ертең не болатынын көреміз. Соңғы екі түнде жақсы ұйықтадым, өйткені Канададан кейін өзімді шынымен шаршаңқы сезіндім.”
Теннисші Цинциннати мен Канададағы жарыстарды US Open алдындағы маңызды дайындық кезеңі деп бағалады.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.