Александр Бубликтің корттағы серіктесі допинг дауына ілікті
Австралиялық теннисші, Уимблдон-2022 финалисі Ник Кирьос кокаин метаболиті оң нәтиже көрсеткен допинг-тесттен кейін сайыстардан уақытша шеттетілді.
Кінәсін мойындады
31 жастағы теннисші допинг сынамасын 22 маусымда Мальоркадағы ATP-250 турнирі кезінде тапсырған. Зерттеу нәтижесінде кокаин метаболиті бензоилэкгонин анықталған. Сынама нәтижесі 17 шілдеде расталып, теннисші 4 тамыздан бастап уақытша жарыстардан шеттетілді. Кирьос уақытша шеттетуге шағымдана алғанымен, әзірге апелляцияға жүгінбеді.
Теннисші әлеуметтік желідегі парақшасында оң нәтиже туралы өзі хабарлап, болған жағдай үшін жауапкершілікті толық мойнына алатынын айтты.
“Бұл туралы менен бірінші болып естігендеріңізді қаладым. Жақында Мальоркада тапсырған допинг-тестімнен өте алмай, сынама нәтижесінен кокаин анықталды. Мен үлкен қателік жасадым және бұл үшін толық жауапкершілікті өз мойныма аламын.
Мен өзімді ақтауға тырыспаймын. Соңғы екі жылда алған жарақаттарым маған физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да қатты әсер етті. Мансабымның аяқталуына жақындағанымды мойындау мен елестете алмағаннан да қиын болып шықты. Алдағы 28 күнде әлеуметтік желілерден және көпшілік ортадан алыстап, өзімді ретке келтіруге көңіл бөлемін”, — деп теннисші өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
Еске салсақ, Ник Кирьос 2022 жылы Уимблдон турнирінің финалына дейін жетіп, шешуші кездесуде Новак Джоковичтен жеңілген. Сондай-ақ теннисші мансабында жеті ATP титулын жеңіп алған және әлемдік рейтингте 13-орынға дейін көтерілген.
Қазақстандық теннисшімен серіктестігі
Кирьос бұған дейін Александр Бубликпен жұптық разрядта бірге жиі өнер көрсеткен. Олар 2026 жылдың маусымында Штутгартта өткен ATP 250 турнирінде ширек финалға дейін жетіп, кейін жарыстан бас тартты. Ал шілдеде теннисшілер Уимблдон ұйымдастырушыларының арнайы шақыртуымен өнер көрсетіп, алғашқы айналымда Марсело Аревало мен Мате Павич жұбынан жеңілді.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.