
Жекпе-жек сәуірдің 19-ына жоспарланған. Ол АҚШ-тың Коммерс қаласында өтеді.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов (15-0, 13 KO) 19 сәуірде АҚШ-тың Калифорния штатындағы Коммерс қаласында өтетін бокс кешінде шаршы алаңға қайта оралады. Қазір спортшы қызу дайындық үстінде.
Ахмедов кештің басты оқиғасы ретінде мексикалық нокаут шебері Элиас Эспадаспен (23-6, 16 KO) он раундтық жекпе-жек өткізеді. Кездесуге он күн қалғанда екі боксшы ашық жаттығу өткізіп, алғаш рет көз арбасты.
Садриддин Ахмедов Америкада «жаңа Головкин» атанып жүр. Себебі ол Геннадий Головкиннің бұрынғы командасымен жұмыс істейді: бапкері – атақты Абель Санчес, промоутері – Том Леффлер, ал менеджері – Олег Герман.
Ахмедов соңғы жекпе-жегінде америкалық Рафаэль Игбоквені жетінші раундта нокаутқа түсіріп, жанкүйерлердің сенімін тағы бір мәрте ақтаған болатын.
Эспадас – Мексика бокс мектебінің өкілі, тәжірибелі қарсылас. Сондықтан бұл жекпе-жек Садриддин үшін үлкен сынақ болмақ.
Айта кетейік, Ахмедов – қазір бірінші орта салмақтағы Қазақстанның басты үміттерінің бірі.