
Орта салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы, доминикандық Карлос Адамес қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының шақыруына жауап берді.
WBO және IBF белбеулерінің иесі Жәнібек Әлімханұлы келесі қарсыласы ретінде Карлос Адаместі таңдағанын мәлімдеді. Оның басты мақсаты — титулдарды біріктіріп, орта салмақта абсолют чемпион атану.
Карлос Адамес бұл мәлімдемеге әлеуметтік желіде жауап беріп, өзінің тек Жәнібекпен жұдырықтасқысы келетінін ашық айтты:
"Адамдар бір нәрсені қайта-қайта оқудан шаршаған шығар деп ойлаймын. Бір жекпе-жекті ұйымдастырудың осынша қиындық туғызғанын бірінші рет көруім. Менің айтатыным — бәрі қарапайым. Мен жылдар бойы Жәнібектен басқа ешкім керек емес екенін айтып келемін. Сондықтан дайындал — егер бұл жекпе-жек өтсе, мен сені зейнетке шығарамын".
Сөзін жалғай отырып, доминикандық чемпион қазіргі бокс әлеміндегі кей жағдайларға да тоқталды:
"Әлем өзгеріп жатыр. Бізде тек X әлеуметтік желісінде батыр болып жүрген "чемпиондар" бар. Және бір жеңістен кейін өзін 154 пен 160 фунттың бәрін жеңетіндей сезінетіндер пайда болды. Бұл сериал емес, жетер енді!".
Жәнібек пен Адамес арасындағы бұл сөз тартысы қос мықты арасындағы ықтимал жекпе-жекке деген қызығушылықты одан сайын арттыра түсті. Егер бұл кездесу расымен өтсе, орта салмақтағы ең маңызды шайқастардың біріне айналуы әбден мүмкін.