Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

"Келісімшартты ұзартпаймыз": ҚФФ ван ’т Шкиптің болашағына қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн ұлттық құраманың бас бапкері Джон ван ’т Шкиппен келісімшартты ұзарту жоспарда жоқ екенін мәлімдеді. 

"Келісімшартты ұзартпаймыз": ҚФФ ван ’т Шкиптің болашағына қатысты мәлімдеме жасады
instagram.com/kff_team/

Ван ’т Шкип Қазақстан құрамасынан кете ме?

ҚФФ бас хатшысының сөзінше, федерация ұлттық құраманы ұзақ мерзімге басқаратын маманды іздеуге кіріседі. Жаңа бапкердің міндеті – команданы Еуропа чемпионатына дайындау.

"Біз келісімшартты ұзартуды жоспарлап отырған жоқпыз. Джонның өзі де бұл қызметте қалуға ниетті емес. Сондықтан құраманы Еуропа чемпионатына дайындайтын, ұзақ мерзім жұмыс істейтін бас бапкер іздеуге кірісеміз", – деді Скотт Манн.

ҚФФ бас хатшысы бапкердің жалақысы туралы не айтты?

Манн нидерландтық маманға аса көп жалақы ұсынылғаны жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, ван ’т Шкип Қазақстанда өзіне дейінгі бас бапкермен бірдей қаржылық шарттар бойынша жұмыс істеуге келіскен.

"Оның жалақысы туралы оқығандарымның бәрі – шындыққа жанаспайтын ақпарат. Джон мұнда өзіне дейінгі бапкерге ұсынылған қаржылық талаптармен келуге келісті. Сондықтан оған қыруар ақша берілді деп жазылып жүрсе, бұл мәліметтің дұрыс емес екенін айта аламын", – деді федерацияның бас хатшысы.

Скотт Манн келісімшарттағы нақты соманы жарияламады. Дегенмен ол маманның еңбекақысына қатысты тараған мәліметтермен келіспейтінін жеткізді.

Манн ван ’т Шкиптің жұмысын қалай бағалады?

Федерация өкілі Джон ван ’т Схипті бұрыннан танитынын айтып, оның тәжірибесіне тоқталды. Манн бапкердің "Аякста" және Грекияда атқарған жұмысын жоғары бағалады. Оның сөзінше, нидерландтық маман Қазақстан құрамасына дайындыққа уақыт аз қалған күрделі кезеңде көмектесуге келіскен.

"Джонды көптен бері жеке танимын. Оның тамаша адам екенін айта аламын. Ол туралы не жазылып жатқаны мені алаңдатпайды. Ол бізге дайындыққа уақыт өте аз қалған қиын жағдайда көмектесу үшін келді", – деді Манн.

Еске салайық, Джон ван ’т Шкиптің жетекшілігімен Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында бірде-бір жеңіске жете алмай, өз тобында төртінші орын алды.

Бұл туралы не ойлайсыз?