Қазақстан құрамасының сәтсіздігіне не себеп? ҚФФ бас хатшысы басты мәселені атады
Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бас хатшысы Скотт Манн ұлттық құраманың УЕФА Ұлттар лигасындағы сәтсіз өнеріне қатысты пікір білдірді.
Нәтижені қалай жақсартамыз?
Баспасөз мәслихатында журналистер Скотт Манннан Қазақстан құрамасының нәтижесін жақсартуға не кедергі екенін сұрады. Сонымен қатар Фарер аралдары сияқты шағын елдердің халықаралық деңгейде табысты өнер көрсетуінің себептері қозғалды.
ҚФФ бас хатшысы қазақстандық футболдың қазіргі жағдайын бағалап, жүйелі өзгерістер қажет екенін жеткізді.
"Соңғы жеңісімізге 12 ай болды. Егер біз әлі күнге дейін Лихтенштейнді жеңгенімізді жетістік ретінде қарастыратын болсақ, онда футболымызда үлкен мәселе бар деген сөз. Алға жылжуымызға кедергі келтіретін басқа да түйткілдер жеткілікті", – деді Скотт Манн.
Футболшылардың 90 пайызы Қазақстанда ойнайды
Федерация өкілі Фарер аралдары мен Қазақстан құрамаларының арасындағы басты айырмашылыққа назар аударды. Оның айтуынша, мәселе футболшылардың халықаралық деңгейдегі тәжірибесіне де байланысты.
"Фарер аралдарының ойынына өзім де таңғаламын. Бірақ нақты деректерге назар аударайық. Олардың негізгі құрамындағы ойыншылардың шамамен 90 пайызы Дания чемпионатында өнер көрсетеді. Ал біздің футболшылардың 90 пайызға жуығы Қазақстанда ойнайды. Оның үстіне, шетелдік 11 ойыншыға рұқсат беретін қазіргі лимитке байланысты көптеген отандық футболшы жеткілікті ойын тәжірибесін ала алмай жүр", – деді ол.
Жас неге мүмкіндік берілмейді?
Скотт Манн Қазақстандағы футбол жүйесі жас ойыншылардың дамуына толық жағдай жасамай отырғанын айтты. Оның пікірінше, талантты жастар тәжірибелі футболшылармен тұрақты бәсекеге түсуі қажет.
"Біздің жүйе жас таланттардың дамуына ықпал етпейді. Олардың ересек әрі тәжірибелі футболшыларға қарсы үнемі ойнауына мүмкіндік жоқ. Ең қабілетті жастарымыз шетелге кетуі немесе өз клубтарында тұрақты ойын тәжірибесін жинауы тиіс. 18 жастағы футболшы әлі дайын емес деген түсініктен арылуымыз керек. Әлемнің жетекші чемпионаттарында осы жастағы ойыншылар жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр", – деді ҚФФ бас хатшысы.
Сонымен бірге ол қазақстандық клубтарды жастарға көбірек сенім артуға шақырды. Маннның сөзінше, отандық футболда жас ойыншылардың дамуын ынталандыратын тиімді жүйе қалыптастыру маңызды.
Айта кетейік, Джон ван 'т Шкип жаттықтыратын Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының 2026/2027 жылғы маусымында сәтсіз өнер көрсетті. Қазақстандық футболшылар топтық кезеңде бірде-бір жеңіске жете алмай, өз тобында төртінші орынға тұрақтады.