Джон ван'т Схип Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетеді
Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы циклді С3 тобында соңғы орынмен аяқтады.
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван'т Схип апта соңында қызметінен кетеді. Бұл туралы танымал комментатор Ерік Ерсін хабарлады. Дереккөздің мәліметінше, нидерландтық маман Қазақстан құрамасындағы жұмысы Ұлттар лигасындағы ойындармен шектеледі.
"Осы апта соңында Джон ван'т Схип Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметін аяқтайды", – делінген Threads әлеуметтік желісіндегі жазбада.
Дегенмен, әзірге Қазақстан футбол федерациясы бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.Бұдан бөлек, белгілі комментатор тағы бір шетелдік маманға қатысты мәлімет берді. Оның айтуынша, ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн қызметінде қалады.
Бірде-бір жеңіс жоқ
Айта кетейік, Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон ван'т Схип Ұлттар лигасындағы циклді С3 тобында соңғы орынмен аяқтады. Кеше ван'т Схип жаттықтыратын команда Ұлттар лигасы топтық кезеңінің алтыншы турында Словакияға қарсы өз алаңындағы матчта жеңісті уысынан шығарып алды – 2:2.
Ұлттар лигасындағы алты матчта Қазақстан құрамасы 1988 жылғы Еуропа чемпионының жетекшілігімен үш ұпай жинады. Ұлттық құрама үш кездесуді тең аяқтады: Фарер аралдарымен сырт алаңда – 1:1, Фарер аралдарымен өз алаңында – 2:2 және Словакиямен өз алаңында – 2:2.
Қалған үш матчта Қазақстан жеңіліс тапты. ФИФА рейтингінде ұлттық құрамамыздан 40 саты төмен тұрған әрі ойыншыларының жалпы құны Қазақстан құрамасынан бір жарым есе арзан Молдоваға екі рет те 1:2 есебімен есе жіберді. Сондай-ақ Қазақстан сырт алаңда Словакиядан да дәл осы 1:2 есебімен жеңілді.