"Мен дайынмын": Дияр Нұрғожай UFC-дегі жекпе-жегі алдында мәлімдеме жасады
Дияр Нұрғожай мен Алик Лоренц арасындағы кездесу 21 қарашада Дохадағы ABHA Arena-да өтеді.
Қазақстандық UFC файтері Дияр Нұрғожай (12-2) Қатарда өтетін жекпе-жекке дайындығы туралы айтты.
Жартылай ауыр салмақта өнер көрсететін отандасымыз Доха қаласына жетіп, америкалық Алик Лоренцпен (8-2) кездесуге дайындалып жатыр.
Дияр Нұрғожай Instagram парақшасында Дохадағы жаттығуынан бірнеше сурет жариялап, алдағы айқасқа дайындығын қысқа сипаттады.
"Ассалаумағалейкум. Мен дайынмын", – деп жазды қазақстандық файтер.
Жекпе-жек 21 қарашада өтеді
Дияр Нұрғожай мен Алик Лоренц арасындағы кездесу 21 қарашада Дохадағы ABHA Arena-да өтеді. Жекпе-жек UFC Fight Night 294 турнирінің аясында ұйымдастырылады. Бұл Нұрғожайдың UFC-дегі бесінші жекпе-жегі болмақ.
Қазақстандық файтер октагонға соңғы рет 8 тамызда шықты. Сол кезде ол бразилиялық Бруно Лопеспен (14-4) кездесіп, техникалық нокаутпен жеңіске жетті.