
Алматыдағы Nomad Fighting 13 турнирінде Еркебұлан Жайсанбек пен Жавохир Олимжонов арасында тартысты жекпе-жек өтті.
Бұл кездесу "жұдырықтасу" форматында өтті. Үш раундтан тұратын жекпе-жекте әр раунд екі минутқа созылды. Қос спортшы бастапқы раундтарда бір-бірін зерттеумен өткізгенімен шешуші сәт ақырғы раундтың басында болды.
Раунд басында екі файтер ашық айқасқа көшіп, ауыр соққылар алмасты. Бір сәтте Жавохир Олимжонов канвасқа құлап түсті. Төреші нокдаунды есептемек болған сәтте, Жайсанбек жатқызылған қарсыласына аяқпен соққы жасады — бұл ережеге қайшы әрекет.
Бірақ төреші Еркебұланға дисквалификация жарияламай, тек бір ұпай шегерумен шектелді. Осыдан кейін жекпе-жек қайта жалғасын тапты.
Қайта жалғасқан шайқаста Жайсанбек белсенділік танытып, қарсыласының денесіне бірнеше ауыр соққы жасады. Бұдан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатып, қазақстандық файтердің техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін жариялады.