
Иэн Мачадо Гэрри отандасымыздың титулдық жекпе-жекке шығуына қарсы.
UFC-дің жартылай орта салмақ дәрежесі бойынша рейтингте алтыншы орында тұрған ирландиялық файтер Иэн Мачадо Гэрри қазақстандық Шавкат Рахмоновқа және UFC-дің шешім қабылдау жүйесіне қатысты ашық пікір білдірді.
Иэн Гэрри өткен жылдың желтоқсан айындағы жеңілісін еске алып, Шавкат Рахмоновтың қазіргі жағдайына байланысты пікірін ортаға салды. Оның ойынша, жарақатынан кейін октагонға қайта оралмақ болып отырған қазақстандық файтер бірден титулдық жекпе-жекке лайық емес.
«Қазір жартылай орта салмақта болып жатқан өзгерістер бұрын-соңды болмаған деңгейде. Мұнда талант көп, жас буын алға шығып жатыр. Ескі гвардия кетіп, жаңа есімдер басты рөлге шықты. Бізде Шавкат, Джек Делла Маддалена, мен, Карлос Пратес, Майкл Моралес бар. Біз барлығымыз титулға бір қадам жақындап тұрмыз», — деді Гэрри Ариэль Хельвани жүргізген сұхбатында.
Ол Рахмоновтың ұзақ үзілістен кейін титулға бірден қол созуын әділетсіз деп санайды:
«Шавкат қайта келіп, бірден титулдық жекпе-жекке шығуы керек деп ойламаймын — әсіресе біз бәріміз үздіксіз жекпе-жек өткізіп жатқанда. Бірақ, өкінішке қарай, UFC-дің ішінде бәрі әділетті жолмен шешіле бермейді. Мұнда саясат бар, ал UFC — ең алдымен бизнес.»
Шавкат Рахмонов (лақап аты — "Номад") қазіргі таңда жарақатынан кейінгі реабилитациялық кезеңнен өтіп жатыр. Ол 2025 жылдың күздің аяғына дейін жекпе-жекке шыға алмайды деп күтілуде.