
Федерация өкілі бұл шешімді ресми түрде түсіндіріп, басты себеп – алдағы Ливерпульдегі әлем чемпионатына дайындық екенін мәлімдеді.
Өзбекстанның бокс федерациясы ерлер құрамасының Астанада өтіп жатқан World Boxing әлем кубогына не себепті қатыспағанын түсіндірді. Федерацияның бас хатшысы Шохид Тиллабоев бұл шешімді жоспарлы дайындықпен байланыстырды.
Астанадағы әлем кубогына Өзбекстаннан тек әйелдер құрамасы қатысуда. Ерлер құрамасы турнирден бас тартқан.
Федерацияның бас хатшысы Шохид Тиллабоевтың айтуынша, бұл шешім боксшылардың денсаулығын сақтау және алдағы маңызды жарысқа дайындық мақсатында қабылданған.
«Ерлер құрамасы көп жекпе-жек өткізді. Жарақат пен артық жүктемеден сақтану үшін жоспарға сай жұмыс істеуге шешім қабылдадық. Астанада жақсы нәтиже көрсету үшін спортшыларды жоғары формаға жеткізу керек. Бірақ алда — басты турнир: Ливерпульдегі әлем чемпионаты. Егер дәл қазір форма шыңына жетсе, кейін қайта дайындық жүргізу қиын болады. Сондықтан бапкерлер штабы бекіткен жоспарға сәйкес, негізгі назарды әлем чемпионатына аударамыз», – деді ол Olamsport.com порталына берген сұхбатында.
World Boxing ұйымы ұйымдастыратын әлем чемпионаты 2025 жылдың 4–14 қыркүйегі аралығында Ливерпуль (Ұлыбритания) қаласында өтеді. Бұл жарыс — маусымдағы басты бәсекелердің бірі.