
Қазақстандық әйгілі боксшы Назым Қызайбай Астанадағы World Boxing кубогының жартылай финалында шектен тыс шиеленісті жекпе-жек өткізді. 48 келі салмақ дәрежесінде жапониялық Хикару Синохарамен қолғап түйістіріп, тек төрешілердің бөлек шешімімен жеңіске жетті.
Жекпе-жек басынан аяғына дейін өте тартысты өтті. Екі спортшы да бір-біріне лайық қарсылас екенін дәлелдеп бақты. Алайда соңғы раундтарда Қызайбайдың белсенділігі мен дәл соққылары төрешілердің назарын өзіне аудартқандай. Нәтижесінде төрешілер бұл кездесуді Назымның пайдасына шешті. Бірақ шешім бірауыздан емес, бөлінген дауыс арқылы қабылданды..
Осылайша Назым Қызайбай кубок финалына жолдама алып, алтын жүлде үшін жекпе-жекке шығатын болды. Ал жапониялық Синохара турнирді қола медальмен аяқтады.
Айта кету керек, Назым – 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы (2014, 2016, 2025) және 2021 жылғы Азия чемпионы. Бұл жарыс барысында ол канадалық Приянка Дхиллон мен өзбекстандық Фарзона Фозилованы да жеңіп шыққан болатын.