
Қазақстандық еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов Загребтегі әлем чемпионатында (70 кг) жартылай финалға жолдама алды.
Ширек финалда Қайпанов мексикалық балуан Остин Гомеспен белдесті. Кездесу басы Нұрқожа үшін сәтсіз басталды: қарсыласына үш рет арқасын беріп, 0:6 есебімен қалып қойды. Алайда бірінші кезеңнің аяқталуына бес секунд қалғанда қазақстандық спортшы нәтижелі әдіс жасап, есеп айырмасын қысқартты.
Екінші кезеңде Қайпанов мүлде басқа қарқын көрсетті. Ол төрт ұпай алып, алға шықты. Қарсыласы қайтадан шабуылдауға тырысқанымен Нұрқожа шабытын жоғалтпай, кездесуді 10:8 есебімен жеңіспен аяқтады.
1/8 финалда да Қайпанов айқын мінез көрсетті. Ол АҚШ өкілі Питер Дюкті 11:7 есебімен тізе бүктіріп, ширек финалға жол ашқан болатын.