Әбиба мен Ғұсман бар: Әлемдік додада тағы кім ел намысын қорғайды?
БАӘ астанасы Абу-дабиде өтетін Grand Slam жарысы 28–30 қараша аралығында өтеді.
Қазақстанның үздік дзюдошылары Әбиба Әбужақынова мен Ғұсман Қырғызбаев бастаған ұлттық құрама 28–30 қараша аралығында Абу-Дабиде өтетін Grand Slam (Үлкен дулыға) турниріне қатысады. Бұл дода маңызды рейтингтік кезеңдердің бірі.
Grand Slam жарысына әлемнің 80-ге жуық елінен спортшылар қатыспақ. Қазақстан ұлттық құрамасы бұл турнирге 14 спортшымен аттанағалы жатыр. Оның ішінде 3 әйел және 11 ер дзюдошы бар.
Әйелдер құрамасы
- 48 кг: Әбиба Әбужақынова — Азия чемпионы, әлемдік рейтингтің үздік ондығында.
- 57 кг: Бақыт Құсақбаева — жастар арасындағы Азия кубогының жеңімпазы.
- 63 кг: Эсмигүл Куюлова — халықаралық турнирлердің жүлдегері.
Әбиба бұл маусымда тұрақты нәтиже көрсетіп келе жатқан дзюдошылардың бірі. Оның Абу-Дабидегі Grand Slam турнирінде медальға таласу мүмкіндігі жоғары.
Ерлер құрамасы
- 60 кг: Мағжан Шамшадин, Аман Бақытжан
- 66 кг: Ғұсман Қырғызбаев, Нұрқанат Серікбаев
- 73 кг: Есет Қуанов
- 81 кг: Абылайхан Жұбаназар, Азат Құмысбай
- 90 кг: Ермахан Ануарбеков
- 100 кг: Нұрлыхан Шархан, Марат Байқамұров («Qazaqstan Barysy – 2025» чемпионы)
- +100 кг: Еламан Ерғалиев
Қазақстанның тәжірибелі спортшысы Ғұсман Қырғызбаев халықаралық деңгейдегі көпжылдық тәжірибесімен ерекшеленеді. Ол 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі саналады.