Өзбекстанда күні кеше бокстан өткен әлем чемпионатына қатысты даулы пікірлер жалғасуда.
Өзбекстандық блогер Абдурахмон Фазилов IBA президенті Умар Кремлевке жүгініп, олимпиада чемпионы Абдумалик Халоковтың қатысуымен өткен IBA әлем чемпионатының даулы финалдық жекпе-жегіне қатысты әділдік орнатуды сұрады.
"Бұл - масқара. Бокстың масқарасы. Құрметті Умар Кремлев, сіздің өте әділ адам екеніңізді білеміз. Әлемдік бокс үшін атқарған еңбегіңіз де орасан. Кеше Әмірліктерде өткен IBA финалында болған жағдай — үлкен ұят. Төрешілер мұны байқамады деп айтуға сенбеймін".
Блогер 2024 жылы дәл осындай жағдай қазақстандық Абылайхан Жүсіповпен де болғанын айта кетті:
"Естеріңізде болса, 2024 жылы Таиландта IBA ережесі бойынша Азия чемпионаты өткен еді. Сол кезде өзбек боксшысы финалда қарсыласы Абылайхан Жүсіповтың иығын тістеп алған. Бұл сәт бірден байқалмады, алайда үш күннен кейін шағым түсіріліп, әділдік орнады — медаль қайтарылып алынды, чемпион атанған Абылайхан болды, ал Хавасбек Асадуллаев дисквалификацияланды.
Енді біз дәл осындай әділдікті талап етеміз, себебі бұл жолы қарсылас Абдумалик Халоковтың құлағын тістеді. Мен әділдік орнайтынына сенімдімін және IBA ережесіне сәйкес мұндай әрекетке жол берген спортшының қылығы — масқара. Жақсы болғаны — құлағы Холифилдтің жағдайындағыдай жұлынып кетпеді.
Құрметті Умар Кремлев, барлық өзбек жанкүйерлері әділ шешім талап етеді.
Сізді әлемдік боксқа, сондай-ақ Ресейде тұратын өзбек, қазақ, тәжік және қырғыз қандастарымыз үшін атқарып жатқан істеріңіз үшін құрметтейміз. Біз әділдік сұраймыз: кешегі финалда болған жағдай — бокс емес, бұл жай ғана масқара", — деді блогер өз Instagram парақшасында.
Айта кетейік, Дубайда (БАӘ) өткен әлем чемпионатының 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалында Өзбекстанның олимпиада чемпионы Абдумалик Халоков ресейлік боксшы Всеволод Шумковқа төрешілердің бөлінген шешімімен жол берді.
Кейінірек желіде жекпе-жек барысында Шумковтың Халоковтың құлағын тістеген сәті түсірілген видео тарады. Алайда бұл өрескел ереже бұзушылыққа рефери мен төрешілер тарапынан ешқандай назар аударылмаған.
Сондай-ақ, қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіповтың Дубайда өткен IBA әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алғанын атап өткен жөн.