Астана намысын қорғайтын бұрымды балуан финалда алматылық Алина Ертөстікті айқын басымдықпен жеңді.
Қарағандыда Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіровтің құрметіне арналған республикалық күрес турнирінде әйелдер арасындағы жүлделер сарапқа салынды.
Әйелдер күресінде 76 келі салмақ дәрежесінде басты фаворит саналған Гүлмарал Еркебаева алтын медальді жеңіп алды. Астаналық балуан таңғы сессияда барлық қарсыласын сенімді түрде ұтып, финалда алматылық Алина Ертөстікті айқын басымдықпен жеңді.
Айта кетейік, бұл жеңіске дейін Гүлмарал Еркебаева Қазақстан чемпионатында да топ жарған еді. Ол финалда аса тәжірибелі, Олимпиаданың қола жүлдегері Эльмира Сыздықованы сенсациялық түрде жеңіп, ел назарын өзіне аударған болатын.
Осы екі ірі жарыстағы жеңістерінің нәтижесінде Гүлмарал Еркебаева 76 келі салмақта Қазақстан құрамасының бірінші нөмірлі балуаны атанды. Осылайша, ол бір маусымда екі ірі турнирде жеңіске жетіп, «алтын дубль» жасады.