Қазақстандық кәсіпқой боксшы Еділ Қожамбердиев (17-2, 17 КО) өзіне ұсынылған гонорарлар туралы айтып, не себепті 40 мың долларлық (шамамен 20 миллион теңгеден жоғары) ұсынысты қабылдамағанын түсіндірді.
Қожамбердиевтің айтуынша, қазір мансабын өз күшімен құрып, үлкен айқастарға қарай қадам жасап келеді.
«Шыны керек, соңғы жекпе-жегім үшін бір тиын да алғаным жоқ. Қазір карьерамды өзім жасап жатырмын. Үлкен ақша табу үшін үлкен жекпе-жектерге бара жатырмын. Мені қолдайтын ағаларым, достарым бар — солар көмектесіп, айқастарды ұйымдастыруға жәрдем береді», — деді боксшы.
Спортшыға бұған дейін бірнеше ұсыныс түскенін атап өтті. Алайда ол өз деңгейіне сай келмейді деп есептеген.
«Осы күнге дейін қызық ұсыныстар болды: бір жекпе-жекке 30 мың доллар, 40 мың доллар ұсынды. Бірақ бұл айқасқа дейін мен топ-50-де едім, мен үшін ол аз болды. Өз күшіммен топ-10-ға кіріп, содан кейін ғана үлкен ақшаға шығамын — ең кемі 200–300 мың доллар», — дейді Еділ.
Осылайша боксшы қысқа мерзімді табысқа емес, рейтингтегі позициясын күшейтіп, кейін ірі гонорарларға қол жеткізуге басымдық беретінін аңғартты.
Еске сала кетейік, Еділ Қожамбердиев соңғы айқасында түркиялық Фатих Келешпен (17-4-1, 10 КО) кездесіп, төртінші раундта нокаутпен жеңген еді.