Қаңтар айында ашылған допинг-сынаманың "B" үлгісі спортшының ағзасында мельдоний бар екенін растаған еді.
Белгілі қазақстандық бокс маманы, жаттықтырушы Юрий Чернобровкин WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауына пікір білдірді. Маманның айтуынша, Жәнібек Әлімханұлының ағзасынан табылған мельдонийді ол жеке өзі допинг ретінде қабылдамайды.
"Шынымды айтсам, мен мельдонийді мүлде допинг деп санамаймын. Мельдонийге ұқсас, құрамы бірдей дерлік препараттар бар, бірақ олар допинг қатарына жатпайды. Неге дәл мельдоний допинг болып есептелетінін түсіне алмаймын. Егер соған ұқсас басқа препарат қабылдасаң, ешқандай мәселе болмайды. Ал мельдоний ішсең, допинг-тесттен өтпей қаласың. Біртүрлі жағдай", — деді Чернобровкин.
Еске салайық, допинг дауына байланысты Жәнібек Әлімханұлына дисквалификация және чемпиондық титулдарынан айырылу қаупі төніп тұр.
Айта кетейік, желтоқсан айының басында Жәнібек Әлімханұлының допинг-тесттен өтпей қалғаны белгілі болған. Соның салдарынан оның Эрисланди Лараға қарсы үш бірдей титул үшін жоспарланған жекпе-жегі шұғыл түрде тоқтатылды.
Ал қаңтар айында ашылған допинг-пробаның "B" үлгісі де спортшының ағзасында мельдоний бар екенін растады.