Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) Халықаралық джиу-джитсу федерациясы (JJIF) атынан әрекет ете отырып, қазақстандық спортшы Ибрагим Манарбекке қатысты антидопинг ісінің аяқталғанын мәлімдеді.
ITA дерегінше, атлет антидопинг ережесін бұзғаны үшін ұсынылған санкциямен келісіп, үш жылдық дисквалификацияны қабылдаған. Спортшы құқық бұзушылықты дауламаған және істі толық қарауға жібермей, ұсынылған салдарды мойындау арқылы процесті аяқтаған.
Хабарламада Манарбектің 30 қазан 2024 жылы тапсырған допинг сынамасынан фуросемид атты тыйым салынған зат табылғаны айтылады.
Сынама жарыс кезіндегі допинг-бақылау аясында алынған. Тексеру U-21 жасөспірімдер арасындағы джиу-джитсудан әлем чемпионаты барысында жүргізілген. Аталған жарыс Ираклион қаласында өткен, ал тестілеуді JJIF-тің нәтижелерді басқару өкілеттігі негізінде ITA жүзеге асырған.
Фуросемид Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Тыйым салынған тізіміне диуретик және бүркемелеуші агент ретінде енгізілген (S5 санаты). Бұл зат:
Спортшы заң бұзушылық туралы хабар алғаннан кейін JJIF антидопинг қағидаларына сәйкес уақытша шеттетілуге ерікті түрде келісіп, істі дауламаған. Сонымен қатар ерте мойындағаны үшін дисквалификация мерзімі бір жылға қысқартылғаны көрсетілді.
ITA шешімі бойынша Ибрагим Манарбектің шеттетілу кезеңі:
30 қазан 2024 — 29 қазан 2027 аралығы.
Сондай-ақ сынама алынған күннен бастап уақытша шеттетілу күшіне енгенге дейін көрсеткен барлық жеке нәтижелері жойылды.
Бұл шешім Спорттық арбитраж сотының (CAS) Апелляциялық палатасына шағымдану тәртібімен қайта қаралуы мүмкін.