Қазақстандық кәсіпқой боксшы Армат Арманұлы алдағы WBA Asia чемпиондық жекпе-жегі қарсаңында өзінің физикалық дайындығына баға беріп, қазіргі формасының жоғары деңгейде екенін айтты.
Армат Арманұлы (6-1, 4 КО) жеңіліп көрмеген түркиялық боксшы Кенан Гюзельмен (6-0, 5 КО) өтетін кездесу алдындағы жаттығу барысы туралы пікір білдірді.
Қос боксшы 4 сәуір күні Бангкокте шаршы алаңға шығады. Бұл жекпе-жекте орта салмақтағы WBA Asia чемпионы белбеуі сарапқа салынады. Қазір бұл титул қазір қазақстандыққа тиесілі.
Армат Арманұлы өзінің Instagram парақшасында спарринг кезіндегі видеосын жариялап, алдағы маңызды айқасқа дайындығы ойдағыдай өтіп жатқанын жеткізді.
"Бүгін біз спарринг өткіздік. Барлығы өте жақсы өтті. Өзімді тамаша формада сезінемін және жекпе-жекке жақсы дайындалдым", — деп жазды Арманұлы.
Айта кетейік, Армат Арманұлы соңғы жекпе-жегін 20 желтоқсанда Алматыда өткізді. Сол кеште0тәжікстандық Авзалбек Куранбаевты (11-2-1, 8 КО) төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, WBA Asia чемпионы атанған еді.