Жаңа лауазымға тағайындалған Қанат Ислам жанкүйерлеріне үн қатты (ВИДЕО)
Қазақстандық танымал боксшы Қанат Ислам жаңа қызметке тағайындалғаннан кейін алғаш рет көпшілікке мәлімдеме жасап, өзіне қолдау білдірген жанкүйерлеріне алғыс айтты.
Қанат Ислам не деді?
Боксшы өз үндеуінде жаңа кезеңді үлкен жауапкершілік ретінде қабылдайтынын жеткізді.
(Ассалаумағалейкум, ардақты ағайын, қадірлі жанкүйерлерім!
Жаңа жұмысыммен, өмірімдегі жаңа кезеңмен құттықтап жатқан баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын. Қазақта “Ерді жас емес, жауапкершілік өсіреді” деген жақсы сөз бар. Сондықтан бұл қызмет мен үшін үлкен жауапкершілік әрі маңызды міндет.Мен спорттағы тәжірибем мен білімімді жастармен, болашақ чемпиондармен бөлісуге әрдайым дайынмын. Ел басында және бокс саласының тізгінін ұстап отырған аға буын өкілдеріне маған көрсеткен және әлі де көрсетіп келе жатқан қолдауы үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақ елі үшін сіздермен бірге адал еңбек етуге дайынмын”, — деді Қанат Ислам.
Қандай қызметке тағайындалды?
Еске салайық, Қанат Ислам 24 наурызда ресми түрде Қазақстан жастар құрамасының U19 үйлестірушісі қызметіне тағайындалды.
Бұл қызмет қазақстандық бокстағы жас буынның дамуына тікелей әсер ететін маңызды лауазымдардың бірі саналады. Сондықтан тәжірибелі спортшының бұл бағыттағы жұмысы көпшіліктің назарында болмақ.
Қанат Ислам — қазақстандық бокста өзіндік орны бар тәжірибелі спортшы. Ол:
- WBA Fedecaribe нұсқасы бойынша чемпион;
- әуесқой бокста Қытай құрамасының сапында өнер көрсеткен;
- Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері;
- әлем чемпионатының қола жүлдегері;
- Азия ойындарының жүлдегері.
Кәсіпқой рингтегі көрсеткіші
Қанат Ислам 2010 жылдан бері Қазақстан азаматы саналады. Оның кәсіпқой бокстағы статистикасы да айтарлықтай жоғары:
- барлығы 30 жекпе-жек өткізген;
- соның 29-ында жеңіске жеткен;
- 22 жеңісті нокаутпен аяқтаған.