Қазақ-өзбек айқасы күтіп тұр. Махмұд Сабырханның қарсыласы анықталды
Қазақстандық чемпион Азия чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде Шахзод Музаффаровқа қарсы шығады.
Қазақстан құрамасының көшбасшы боксшыларының бірі Махмұд Сабырхан 2026 жылғы Азия чемпионатындағы алғашқы қарсыласын білді. Құрлық біріншілігі Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатыр.
Қарсылас — Өзбекстан өкілі
55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Махмұд Сабырхан 1/8 финалда өзбекстандық Шахзод Музаффаровпен кездеседі.
Музаффаров алғашқы айналымда Иордания өкілі Махди Аль-Машалехты айқын басымдықпен жеңді. Төрешілер жекпе-жекті бірауыздан өзбек боксшысының пайдасына шешті.
Жекпе-жек күні: 3 сәуір
Айта кетейік, Махмұд Сабырхан — тәжірибелі әрі титулды боксшы. Ол 2024 жылы Таиландтың Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған.Сол турнирді IBA және ASBC ұйымдары ұйымдастырса, биылғы дода алғаш рет World Boxing аясында өтіп жатыр.
Азия чемпионаты 10 сәуірге дейін жалғасады.