Қазақстан Үндістанды тас-талқан етіп, Азия алтынын жеңіп алды (ВИДЕО)

Сарапшы, спорт журналисі

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда бокстан әйелдер арасындағы Азия чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін табысты жалғасуда.

Қазақстан Үндістанды тас-талқан етіп, Азия алтынын жеңіп алды (ВИДЕО)
olympic.kz

Өзбекстандық фаворитті жолдан шығарды

Бұл жолы ел қоржынына тағы бір алтын медаль түсті. 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Дина Исламбекова Үндістан өкілі Патанды айқын басымдықпен жеңді. 

Дина Исламбекова финалға сенімді қадаммен жетті. Жартылай финалда ол көпшілік күтпеген нәтиже көрсетіп, Өзбекстан құрамасының көшбасшысы Олтина Сотимбоеваны жеңді. Сарапшылар бұл кездесуді турнирдегі басты сенсациялардың бірі ретінде бағалады.

Финалдағы толық үстемдік

Алтын медаль үшін өткен шешуші айқаста қазақ қызы бастаманы бірден қолға алды. Исламбекова алғашқы раундта-ақ шабуылды үдетіп, қарсыласын қысымда ұстады. Оның дәл әрі ауыр соққылары үндістандықты бірнеше рет теңселтті. Төрешілер де бұл басымдықты мойындап, раундты 10:9 есебімен Динаның пайдасына берді.

Екінші раундта қазақстандық боксшының артықшылығы айқын көрінді. Ол қарсыласынан барлық компонент бойынша басым түсіп, соңғы раунд алдында сенімді есеп айырмасын қалыптастырды.

Қазақстан қоржынына екінші алтын түсті

Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер Дина Исламбекованың жеңісін бірауыздан тіркеді. Осылайша, ол Азия чемпионатының чемпионы атанып, Қазақстан құрамасына турнирдегі екінші алтын медальді сыйлады.

Айта кетейік, бұған дейін алғашқы алтынды әйелдер құрамасы сапынан Надежда Рябец жеңіп алды.