Қазақстан Өзбекстанды жеңіп, Азия чемпионатының алғашқы "алтынын" қоржынға салды (ВИДЕО)

Сарапшы, спорт журналисі

Бокстан Ұлан-Батырда Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті.

Қазақстан Өзбекстанды жеңіп, Азия чемпионатының алғашқы "алтынын" қоржынға салды (ВИДЕО)
olympic.kz

Сенімді жеңіс

2026 жылғы Азия чемпионатындағы бұл салмақ дәрежесі ерекше сценариймен есте қалды. Себебі 80 келіге дейінгі категорияда бар болғаны үш боксшы тіркелген. Осыған байланысты жеребе нәтижесінде өзбекстандық Рухшона Парпиева финалға еш жекпе-жексіз өтті.

Ал Надежда Рябецке алтын медаль үшін таласқа шығу оңай болған жоқ. Ол финалға дейін турнир фавориттерінің бірі саналған Үндістан өкілі Пужа Раниді жеңіп, жанкүйерлерді тәнті етті. Бұл нәтиже турнирдегі күтпеген сенсациялардың бірі болды.

Надежда Рябец барлық компонент бойынша басым түсті

Қазақстандық боксшы финалдық айқаста алғашқы раундтан бастап тізгінді өз қолына алды. Надежда соққылардың дәлдігі, қимыл белсенділігі және тактикалық артықшылығы жағынан қарсыласынан оқ бойы озық болды.

Екінші раундта Рябецтің басымдығы тіпті анық байқалды. Төрешілер де оның үстемдігін толық мойындап, барлық есеп парағында 20:18 есебін тіркеді. Жекпе-жек бойы өзбекстандық былғары қолғап шебері қазақстандықтың қарқынына төтеп бере алмады.

Қорытындысында Надежда Рябец төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетіп, Қазақстан құрамасына осы құрлық додасындағы алғашқы алтын медальді алып берді.

Қазақстан боксы үшін маңызды жеңіс

Бұл алтын жүлде — Қазақстан әйелдер боксы үшін маңызды нәтиже. Надежда Рябец бұған дейін де халықаралық аренада ел намысын қорғап жүрген тәжірибелі спортшы ретінде танылған. Еске салсақ, ол Токио-2020 Олимпиадасында Қазақстан атынан сынға түскен жалғыз әйел боксшы болған еді.