Әлем чемпионы Төрехан Сабырхан Азия біріншілігінің финалында жеңіліп қалды

Сарапшы, спорт журналисі

Бокстан Ұлан-Батырдағы Азия чемпионатының 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында Төрехан Сабырхан иорданиялық Зияд Ешаашпен алтын медаль үшін қолғап түйістірді.

Әлем чемпионы Төрехан Сабырхан Азия біріншілігінің финалында жеңіліп қалды
Instagram/@boxingkazakhstan

Қазақстандықтарға жақсы таныс

Зияд Ешааш 2022 жылы Иорданияда өткен Азия чемпионатында орта салмақта финалға дейін жетіп, сол кезде Асланбек Шымбергеновтен жеңілген. Арада екі жыл өткен соң ол тағы бір тосын нәтиже тіркеп, Шымбергеновті турнирдің алғашқы айқасында-ақ жарыс жолынан шығарды.

Алғашқы раунд Сабырханның пайдасына шешілді

Финалдық кездесуде Төрехан Сабырхан өзіне тән стильде өнер көрсетті. Ол жекпе-жекті белсенді бастап, шабуыл мен қарқынға басымдық берді. Нәтижесінде алғашқы раундта төрешілердің төртеуі жеңісті қазақстандық боксшыға беріп, есеп 4:1 болды.

Жекпе-жектің екінші бөлігінде Сабырхан сәл еркіндеу қимылдап, бірінші нөмірмен жұмыс істеді. Алайда Зияд Ешааш қарымта шабуылда сәтті әрекет етіп, дәл соққыларымен көзге түсті. Соның нәтижесінде үшінші раунд қарсаңында төрешілердің барлық хаттамасында есеп 19:19 болып теңесті.

Шешуші раундта иорданиялық боксшы басым түсті

Соңғы үш минутта екі боксшы да сапалы өнер көрсетті. Дегенмен шешуші сәттерде Зияд Ешааш анағұрлым дәл және ұтымды қимылдады. Қорытындысында төрешілер бір ауыздан жеңісті иорданиялыққа берді. Осылайша Ешааш Азия чемпионатының алтын медалін иеленсе, Төрехан Сабырхан күміс жүлдемен шектелді.

Төреханның ересектер арасындағы алғашқы жеңілісі

Айта кету керек, бұл нәтиже Төрехан Сабырхан үшін ересектер боксындағы алғашқы жеңіліс болды. Турнирдің басты фавориттерінің бірі саналған қазақ боксшысы бұл жолы чемпиондыққа бір табан жақын тұрғанымен, финалда сүрінді.