Каратэшілер Қытайдағы Премьер-лига кезеңінде жүлдегер атанды (ВИДЕО)
Қытайдың Лэшань қаласында каратэден Премьер-лига кезеңінде Қазақстан құрамасы екі күміс және бір қола медаль иемденді.
Нұрқанат Әжіқанов – күміс жүлдегер
Нұрқанат Әжіқанов 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалға дейін жетіп, жарыстың күміс жүлдесін иеленді. Ол алтын медаль үшін өткен шешуші белдесуде түркиялық Энесс Булутпен кездесті. Тартысты өткен жекпе-жекте Нұрқанат қарсыласына 5:6 есебімен есе жіберді.
Айта кетейік, Әжіқанов бұған дейін де Премьер-лига жарыстарында жүлдеге ілінген. 2022 жылы Бакуде қола медаль алса, 2024 жылы екі мәрте қола жүлде жеңіп алды.
Әсел Қанай маусымдағы екінші күмісін еншіледі
Әйелдер құрамасының өкілі Әсел Қанай да Қытайдағы жарыста сәтті өнер көрсетіп, 61 келіге дейінгі салмақта күміс жүлде місе тұтты. Финалда қытайлық Гон Лиге жол беріп қойды. Бұл — Әсел Қанайдың биылғы Премьер-лига маусымындағы екінші күміс медалі. Бұған дейін Римдегі турнирде де күміс жүлде алды.
Олжас Алтынбек қоржынға қола салды
Қытайдағы кезеңде тағы бір қазақстандық Олжас Алтынбек жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ол 67 келіге дейінгі салмақта қола медаль үшін болған кездесуде бразилиялық Винисиус Фигероаны 6:2 есебімен жеңді.
Бұл жетістік Олжас Алтынбек үшін Премьер-лига кезеңдеріндегі алғашқы жүлде болды.
Қытайдағы Премьер-лига кезеңінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 2 күміс медаль және 1 қола медаль жеңіп алды.
