Үш нокдаун. Аида Әбікеева Әлем кубогын сенімді жеңіспен бастады
Қазақстандық әлем чемпионы Бразилияда қарсыласын нокдаунға түсіріп, келесі кезеңге өтті.
Қазақстандық боксшы, екі дүркін әлем чемпионы Аида Әбікеева Бразилияның Фос-де-Игуасу қаласында өтіп жатқан World Boxing Әлем кубогында алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді.
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Әбікеева 1/8 финалда Чехия өкілі Виктория Жилковамен кездесті. Қазақстандық боксшы жекпе-жек барысында айқын басымдық көрсетті.
Алғашқы екі раундта төреші қарсыласына үш рет нокдаун санағанымен, кездесу соңына дейін жалғасып, қорытындысында төрешілер бірауыздан Әбікееваны жеңімпаз деп таныды.
Әбікееваның деңгейі
Аида Әбікеева – қазіргі таңда әлемдегі ең мықты боксшылардың бірі:
- 2025 жылғы IBA әлем чемпионы (Ниш, Сербия)
- 2025 жылғы World Boxing әлем чемпионы (Ливерпуль, Ұлыбритания)
- 2024 жылғы Азия чемпионы (Чиангмай, Таиланд)
Қазір ол World Boxing рейтингінде 65 кг салмақта бірінші орында тұр.
Виктория Жилкова – Еуропа жастар чемпионаттарының жүлдегері. Сонымен қатар, ол 2022 жылы әйелдер арасындағы Nations Cup турнирінде алтын медаль жеңіп алған тәжірибелі боксшы саналады.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.