Бенавидес Рамиресті тоқтатып, үшінші салмақта әлем чемпионы атанды
АҚШ боксшысы Давид Бенавидес мексикалық Хильберто Рамиресті жеңіп, WBA және WBO чемпиондық белбеулерін иеленді.
Лас-Вегаста өткен кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегінде бірінші ауыр салмақтағы WBA және WBO титулдары сарапқа салынды. Рингте мексикалық Хильберто Рамирес пен америкалық Давид Бенавидес кездесті.
Бенавидес жекпе-жек басталған сәттен-ақ басымдықты өз қолына алды. Ол қарсыласынан қол жылдамдығы, соққы дәлдігі және рингтегі белсенділігі бойынша айқын үстем болды. Төртінші раундтың соңында америкалық Рамиресті нокдаунға түсіріп, кездесудің бағытын толық өзгертті.
Ал алтыншы раундта Бенавидес шабуыл қарқынын одан әрі күшейтті. Раундтың соңғы секундтарында бірнеше ауыр соққыдан құралған серия жасап, Рамиресті қиын жағдайға қалдырды. Мексикалық боксшы раундтан кейін көзінен алған жарақатына байланысты жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
Осылайша Давид Бенавидес бірінші ауыр салмақта WBA және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды. Бұл — оның мансабындағы үшінші салмақта жеңіп алған чемпиондық атағы.
Қазір Бенавидестің кәсіпқой рингтегі көрсеткіші — 32 жеңіс, 0 жеңіліс, 26 нокаут. Ал Хильберто Рамирес мансабындағы екінші жеңілісіне ұшырады.